uybet01 jumys otbasy otbasylink dostar ruhomir omirmysal
jumislink   omirmysallink
  dostarlink
 
 
 
 
 
senemfylym
suleymen
angyme
 
 
bizbay6 ch6
РУХАНИ ӨМІР  
 

15. Ізгі сөз бен іс берекелі

 

 1Жәбір сөз ашу туғызар,

Биязы жауап ашуды басар.

 

 2Дананың тілі білімді мақтар,

Аңқаудың аузынан надандық ағылар.

 

 3Жаратқанның көз алдында бәрі аян,

Бар жақсы мен жамандар айқын Оған.

 

 4Мейірімді тіл өмір сыйлар ағашқа ұқсар,*

Өтірікші тіл рухыңды жаншып-басар.

 

 5Әкенің тәрбиесінен ақымақ безер,

Ескертуге ден қойған парасатқа кенелер.

 

 6Әділдің үйінде мол қазына болар,

Арамзаның тапқаны берекесін алар.

 

 7Дананың тілі білім себер,

Наданның санасы олай істемес.

 

 8Арамзаның құрбандығынан Жаратқан жиренер,

Әділдің мінажаты Оны сүйсіндірер.

 

 9Арамзаның жолынан Жаратқан жиренер,

Әділдікті қуғанға Ол сүйсінер.

 

 10Жолдан безген ауыр жаза тартар,

Ескертуді жек көрген опат болар.

 

 11О дүние мен тозақ Жаратқанға аян,

Адамның жүрегі Оған одан бетер аян.

 

 12Мысқылшыл өзіне ескерткенді ұнатпас,

Дананың маңына жақындамас.

 

Қуанышты жанның тойы тарқамас

 

 13Жүректің қуанышы бет-жүзді жарқыратар,

Жүректің қайғысы көңілді жабырқатар.

 

 14Зерделінің санасы білім қуар,

Зердесіз ақымақтыққа тойынар.

 

 15Бақытсыздың қай күні де қайғыдан арылмас,

Қуанышты жанның тойы тарқамас.

 

 16Мол қазынасы болып, уайымдағаннан гөрі,

Азды қанағат етіп, Тәңірді қастерлеген игі.

 

 17Жек көріп берген семіз сиыр етінен гөрі,

Жақсы көріп берген көкөніс тағамы игі.

 

Игі ақыл-кеңес пен адал еңбектің зор пайдасы

 

 18Ашушаң дау туғызар,

Байсалды дауды басар.

 

 19Жалқаудың жолын тікен басар,

Адалдың жолы тегіс болар.

 

 20Ақылды бала әкесін риза қылар,

Ақылсыз жан шешесін қор қылар.

 

 21Ақылы азды ақымақтық сүйсінтер,

Ал ақылды жан тура жолмен жүрер.

 

 22Кеңессіз құрған іс аяқсыз қалар,

Көптің ақылымен ол жүзеге асар.

 

 23Дәл айтылған жауап адамды қуантар,

Уақтылы айтылған сөз бір ғанибет болар.

 

 24Дананың өмір жолы биікке бастар,

Ажалдан* оны сақтап қалар.

 

Кішіпейіл жанның абыройы өсер

 

 25Жаратқан Ие менменнің үйін талқандар,

Ал жесірдің жерінің шекарасын қорғар.

 

 26Зұлымның жоспарларынан Жаратқан жиренер,

Пәк жанның сөздеріне Жаратқан сүйсінер.

 

 27Пайдақор отбасының берекесін кетірер,

Параны жек көрген тыныш өмір сүрер.

 

 28Әділ жан жауабын ойлап берер,

Арамза жаман сөзін лақ еткізер.

 

 29Арамзадан Тәңір Ие алыс болар,

Әділдің мінажатына Ол құлақ салар.

 

 30Жарқын жүз жүректі қуантар,

Жақсы хабар денеге қуат дарытар.

 

 31Өмірдің тәрбиесіне құлақ түргендер

Даналар арасынан орын тебер.

 

 32Тәрбиеге ден қоймаған өз жанын жек көрер,

Ескертуді тыңдаған парасатты иемденер.

 

 33Жаратқанды шын қастерлеу даналыққа үйретер,

Кішіпейіл жанның абыройы өсер.


*4 12:18; Жаратылыс. баст. 2:9.

*24 Немесе: Төмендегі көрден.

 

 

 
 

1 Жазбаның мақсаты — даналыққа үйрету

2 Даналыққа бет бұрғанның жарылқануы

3 Тәлім алып, Тәңірге мойынсұнудың зор пайдасы

4 Даналық пен әділдікті ұстануға арналған әке өсиеті

5 Неке адалдығына шақыру

6 Аңғырттық пен жалқаулықтан сақтандыру

7 Даналықтың жүгенсіздіктен сақтауы

8 Даналықтың уәде еткен сый-тартулары

9 Даналықтың "тойға" шақыруы

10. Әділ жанның дана сөзі мен ісі жайлы

11. Адалдық пен ізгілікті Жаратқан Ие ұнатар

12. Жақсы тәрбие алған бақытты

13.  Данамен жолдас болған дана болар

14. Ақылдылық және аңғалдық

15. Ізгі сөз бен іс берекелі

16. Әділдік пен ынтымақты Жаратқан Ие жақтырар

17. Ақылды жан даналықты назарында ұстар

 

18. Адал дос — құн жетпес қазына

19.  Өсиетті сақтаған өмірін сақтар

20. Адалдық пен даналық

21. Патшаның жүрегі Жаратқан­ның қолында
22. Ізгі атағың бағалы зор байлықтан

23. Балам, жүрегіңді Маған бағышта

 

24. ЕЖЕЛГІ ДАНАЛАРДЫҢ НАҚЫЛ СӨЗДЕР ЖИНАҒЫ

25.  СҮЛЕЙМЕН ПАТШАНЫҢ ТАҒЫ БІР НАҚЫЛ СӨЗДЕР ЖИНАҒЫ

26.  Ақымаққа қадір жараспас

27. Басқа сені мақтасын, өз аузың емес

28. Ел заңнан безсе басшылары көп болар

29.

30. ЖӘКЕ ҰЛЫ АҒҰРДЫҢ НАҚЫЛ СӨЗДЕР ЖИНАҒЫ

31. ЛЕМУЕЛ ПАТШАНЫҢ НАҚЫЛ СӨЗДЕР ЖИНАҒЫ